«Байқоңыр» ғарыш айлағына бару - көптеген қазақстандықтар
мен шетелдіктердің арманы. Енді оны жүзеге асыру мүмкіндігі туады. Адамзат
баласы алғаш ғарышқа ұшқан жер оның тарихы туралы көбірек білгісі келетіндерді
қабылдай алады. Қонақтарды тарту үшін біздің елімізде арнайы тұжырымдама
әзірленіп жатыр. Ол зымырандар ұшпайтын кезеңде туристік экожүйені дамытуға
бағытталған. Демек, аты аңызға айналған кешенде тұрақты түде экскурсиялар
ұйымдастырылады. Турлар мәдени, білім беру, ғылыми және өнеркәсіптік бағытты
қамтиды. Сондай-ақ, Kazakh Tourism «Байқоңыр» брендінің танымалдылығын арттыру
бойынша жұмыс жүргізеді. Ұлттық компания өкілдерінің пікірінше, туристер көп
келсе, кешеннің инфрақұрылымын пайдалану тиімділігі арта түседі.
Даниел Сержанұлы, «Kazakh Tourism» ҰК Басқарма төрағасының міндетін атқарушы:
- «Негізгі мақсат - туристер санын шамамен 3-4 есе
көбейту. Қазіргі есеп бойынша ғарыш айлағына жылына 10 мыңға жуық турист
келеді. Олар негізінен зымырандардың ұшқанын тамашалайды. Біз дәл аралық
кезеңдегі туризмді дамытуға басымдық береміз. Жылына 10-12 ұшырылым болуы
мүмкін. Қалған уақытта инфрақұрылым, оның ішінде туристік орындар бос тұрады.
Туризмді неғұрлым тұрақты түрде дамыту үшін мәдени және мектеп маршруттары
секілді кешенді бағдарламаны пысықтаймыз. Бұл жұмыстар туристерге осы тарихи
мұрамен танысуға мүмкіндік береді».

