Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы атап өтілді

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы атап өтілді

Биыл қазақ және балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың туғанына – 100 жыл. Жазушының мерейтойы туған жері Алматы облысы, Райымбек ауданында кең көлемде атап өтіліп, қаламгердің еңселі ескірткіші ашылды. Салтанатты шарада Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын көпшілікке жеткізді. Қарымды қаламгердің қазақ балалар әдебиетінің дамуына қосқан үлесі өлшеусіз. Оның «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді» сынды теңдессіз туындылары қазақ әдебиетінің құнды қазынасына айналды. Ал адам психологиясын, қазақтың жан дүниесін дөп басқан образдары нағыз халықтық кейіпкерлерге айналды. Бірнеше буын ұрпақтың жазушы туындыларын оқып өсуі – осының айқын дәлелі.   «Жазушының 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер тізіміне енді. Бұл да сөз зергеріне деген құрметтің белгісі», - дейді Сенат спикері.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

– Президентіміз осы шараның маңызына баса мән беріп, баршаңызға ыстық ықыласы мен жылы лебізін жолдады. Ұлтымызға рухани бағдар болатын осындай тұғырлы тұлғалардың есімін ұлықтау – еңселі елдік пен салиқалы сабақтастықтың жарқын көрінісі.