Қазақстанның ШЫҰ-дағы төрағалығы табысты өтті. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінде Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон мәлімдеді. Кездесу барысында Президент ШЫҰ саммитіне арнайы қатысқаны және ресми Астананың бастамаларын тұрақты қолдап келе жатқаны үшін Эмомали Рахмонға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ тараптар екі елдің халықаралық ұйымдар аясындағы өзара ықпалдастығының жекелеген мәселелерін қарастырды.
Инвестициялар, өнеркәсіп, энергетика, көлік, логистика саласындағы ынтымақтастық мәселесі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ильхам Әлиевпен кездесуінде талқыланды. Тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағдарын тиімді пайдалану мәселесіне айрықша назар аударды. Әзербайжан Президенті Бакудің мемлекетаралық байланыстардың барлық бағыты бойынша Астанамен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бейілді екенін растады. Кездесу соңында екі ел басшыларының қатысуымен бірқатар екіжақты келісімге қол қойылды.