Қазақстанда осындай мүмкіндік беретін бірегей өндіріс іске қосылмақ. Жарамсыз деген өнімді ауыл шаруашылығында пайдалануға болады. Мәселен, мұндай шикізат агротехниканы майлауға, мал азығына қосуға жарамды. Тіпті бояу, сабын мен биоотын өндірісінде қолданса болады. Бұл - Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті ғалымдарының өнертабысы.
Жұлдыз Сатаева, жоба авторы, ғалым:
- Бүгінгі таңда қоғамдық тамақтану желісінде пайдаланылған өсімдік майы өте үлкен мөлшерде жиналады. Ол қалдық ретінде көбіне кәріздерге ағызылады. Осының салдарынан құбырлар бітеліп қалады. Экология ластанып, адам денсаулығына қауіп төнеді. Яғни, зияны көп. Өндіріске келетін шығынды да ескеру керек. Бұл мәселені ұзақ жылдар бойы зерттеп келеміз. Сондықтан идеяны жақсылап қорытып үлгердік. Осыдан болар жобамызды толыққанды коммерцияландыру байқауына ұсыну үшін жарты жыл ғана уақытымыз кетті. Кешенді зерттеуіміз зая кетпей, еңбегіміздің жемісін көріп жатырмыз.
Отандық ғалымдардың бұл жобасына елордалық инвесторлар қызығушылық танытты. Олардың бірі өндірісті жолға қою үшін 90 миллион теңгеден астам қаржы құюға дайын.
Алмас Сүлейменов, кәсіпкер:
- Мені шақырып бизнес инкубаторына енгізген ғылым қорына алғысымды жеткізгім келеді. Өзім май өндірісімен айналысамын. Жаңа инновациялар мен озық технологияларды инвестициялап, өндірісімізге енгізуді жоспарлаған едім. Жақсы идеямен танысып іздегенімді таптым. Пайдаланылған өсімдік майларын қайта өңдеп мал азығын, түрлі бояу өнімдерін жасауға болатынына көзім жетті. Қазақстанда баламасы жоқ бірегей технология өнімдерін көршілес Өзбекстан, Ресей сынды елдерге экспорттау мүмкіндігі туады. Өндірісті еліміздің бас қаласында жолға қоюды жоспарлап отырмыз.
Қазақстандық зерттеушілердің ғылыми әзірлемелерін коммерцияландыруға «Ғылым қоры» белсене кірісті. Қор елімізде ғылыми өндірістерді іске асыру мақсатындағы гранттық қаржыландыру бағдарламасының операторы. Бұл іске отандық инвесторлар да ынталы. Олар көптің игілігіне жарайтын жобаларды өмірге әкелуге мүдделі.
Құрманғазы Омаров, «Ғылым қоры» АҚ инвестициялар және жаңа жобалар департаментінің директоры:
- Бұл мақсатты грант отандық ғалымдардың өнертабыстарын қолдауға бағытталған. Түрлі зерттеулерді жүзеге асыруға бизнесті тарту үшін бірлесіп қаржыландыру деген міндетті талап қойылады. Тараптар өзара тиімді шартқа тұрады. Осылайша, ғалымдарға кәсіпкерлермен бірігіп өз жобасының ақшалай тұрғыда жемісін көруге мүмкіндік туады.
Қазір Ғылым Қоры құрған бизнес-серіктестер клубына 170-тен астам кәсіпкер мүше. Олардың өнертабысшылармен кезекті серіктестігі нәтижесінде елордада 5 жаңа ғылыми өндірісті іске қосу туралы уағдаластық жасалды.