Ақтаңдақ жылдардың ақиқатын ашу. Саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тың деректерді жинау қазақстандық ғалымдар тарапынан қарқынды жүргізіле бастады. Олар Мәдениет және спорт министрлігінің жабық қорларындағы, сондай-ақ прокуратураның, Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті ведомстволық мұрағаттарында сақталатын материалдарды зерделеуде. Ақпарат іздеумен ел өңірлерінде арнайы құрылған 10 жұмыс тобы айналысады. Жиналған зерттеу материалы бірнеше жинаққа біріктірілмек. Олардың бірі жыл соңында шығарылады.
Сабыр Қасымов, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемкомиссия жобалық кеңсесінің жетекшісі:
- Біз жоспарларымызда, әдістемелік нұсқауларымызда өңірлік комиссияларға аудандарға баруды, экспедицияларды, жерлеу орындарын нақтылау үшін волонтерлік топтарды жіберуді, өлкетанушыларды, белсенділерді қосуды ұсынамыз. Адамдар білуі үшін ескерткіштер, белгілер қойылады.
Берік Әбдіғалиұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біздің аталарымыздың негізгі мақсаты осы: ашаршылықты болдырмау. Олар наразы болды. Егер ертең нанымызды, малымызды алып жатса, халық қырылады. Бірақ ол кезде үкіметін тыңдамады. Бәрін алып койды, халық қырылды. Осы үлкен қателік болды. Міне, сол деректерді көрсеткіміз келді. Қарсылық білдіріп, ұлттық намысы бар, елін аман алып қалу үшін шыққан қаһармандар олар. Олардың есімін шығару, ақталмаған болса, ақтау. Оларға лайықты ескерткішін қою. Біздің негізгі мақсатымыз сол.