Елордаға Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры гастрольдік сапармен келді. Шығармашылық ұжым өнер сүйер қауымға бірегей бағдарламасын бас шаһардың «Астана Опера» театрының сахнасында паш етті. Сахна саңлақтары симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен қала тұрғындары мен қонақтарының назарына мюзиклдер, оперетталар мен ертегілер ұсынбақ. Шақырылған дирижер - беларустық Николай Макарович.
Николай Макаревич, Белорусь музыкалық театрының шақырылған дирижер:
– Бұл гастрольдерден үлкен әсер аламын деген ниеттемін. Себебі, Минскіде, Беларусьте жұмыс істеймін, ал Қазақстанға спектаклдерге ат салысу үшін арнайы шақыру бойынша ұшып келдім. Бұл мен үшін өзіндік емтихан десем артық айтпаспын. Осы театрға келгенде бойымды толқыныс пен мақтаныш сезімдері бірдей кернейді. Өйткені «Астана Операны» - әлемдегі ең үздік театрлардың біріне балаймын. Бұл өнер ордасын Метрополитен-Опера, Ла-Скала сынды үздік театрлармен бір қатарға қоя аламын. Бұл пікірім қате еместігіне сенімдімін. Бұны ауқымды балет залы, заманауи әрі сапалы техникалық мүмкіндіктері мен керемет аккустикасы растайды.
Қарағандылық өнер ошағы басшысының айтуынша, бұл гастрольдік сапар театрдың 50- мерейтойлық маусымының ашылуымен тұспа-тұс келген. Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін қойылымдар мен музыка шебер біріктірілген театрландырылған әуезді де әуенді бағдарлама әзірленген.
Амантай Ибраев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды академиялық музыкалық академия театрының жетекшісі:
– Бұл жолы біз қорымыздағы таңдамалы туындыларды алып келдік. Оның бірі танымал заманауи композитор Баскиннің керемет спектаклі, ол бордвейлік жанрда жазылған «Кентервиль қамалының елесі» атты мюзикл. Сондай-ақ, біздің театрдың жалпы театр кеңістігінде жарыса сахналап жүрген Максим Дунаевскийдің «Цирк ханшайымы», «Алқызыл желкендер» сынды өшпес классикалық қос бірдей қойылымын жергілікті қауымның назарына ұсынамыз деп жоспарладық.
Маргарита Туребекова, Қарағанды академиялық музыкалық академия театрының әртісі:
– Бұл біз үшін үлкен құрмет, бедел десем артық айтпаспын. Біз толық құраммен келдік. Симфониялық оркестр, хор, балет, оркестр солистер болып бір адамдай толығымен осы оқиғаға қамданды. Біз келер демалыс күндері елордалық көрерменмен қайта қауышамыз. Кейін 25 тамызда Алматыға сапар жасаймыз. Бір сөзбеен көрерменнің көңілінен шығу үшін барымызды салып жатырмыз.
Еліміздің бас қаласына қарағандылық әртістерден басқа гастрольдік сапармен тамыз айының соңында Түркістан музыкалық-драма театрының труппасы келеді. «Астана Опера» театрының сахнасында олар 27 және 28 тамызда өнер көрсетеді.