Ақтөбеде «Тары Fest» этнофестивалі өтті

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында «Тары Fest» этнофестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Дәстүрлі шараға батыс аймақтардан мыңнан аса тұрғын келді. Ойыл ауданының Ащыойыл ауылында қазақтың әйгілі тары өсірушісі Шығанақ Берсиев дүниеге келген. Ақ тары атасының ізін жалғаушы дихандар өз өнімін көпшілік назарына ұсынды.

Шығанақ Берсиевтің есімі кеңес дәуірі кезеңінде аңыз болып таралды. Әйгілі тары өсіруші туған елді мекендегі әр үйде ағаш келі-келсап пен тас диірмен бар. Бір қызығы, Ойыл тұрғындары тары түю тәсілдерін ұрпақтан ұрпаққа мирас қылып келеді.

Ақзере Қайыржанова, ауыл тұрғыны:
-Тары қуырғаныма 42 жыл болды. 2 жыл болды пенсияға шыққаныма содан тары қуырып сатып жатырмын қазір мен. Тарыдан көп тағамдар жасайды ғой, май-сөк жасайды, жаңағыдай жент жасайды әртүрлі.

Этнофестиваль ауқымы жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Дәстүрлі шара аясында қатысушылар тарыны жылдам әзірлеуден сайысқа түсті. Сондай-ақ көпшілік қолөнер бұйымдары қойылған жәрмеңкені тамашалады.

Асхат Шахаров, Ақтөбе облысының әкімі:
-
Осы шара әрі қарай жалғасын табады деп сенімім мол. Себебі ол ұрпақтар сабақтастығы ретінде біз жалғастыруымыз қажет. Ол - біздің парызымыз.

Осы жылы Ойыл жерінде дихандар 700 гектар аумаққа тары егіп, әрбірінен орта есеппен 9 центнерден өнім жинаған. Дән егу жұмыстарын жетілдіру жолдары халықаралық конференцияда талқыланды. 

Есмұхан Мұхамбетқали, Ш.берсиевтің ұрпағы:
-
Бір түйір тарыдан бәленбай масақ шығады. Сол әрбір масақтың бәрін тергенде мыңның үстінде тары шығады. Бұл өнімді тағам болғандықтан, Шығанақ Берсиев осы тары еңбегін таңдап алды.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Шығанақ ата алған тарыны Ойыл ауданының халқы қорек еткен. Қазір осы алқапта қызғылт және сары түстегі тары өсіп жатыр. Дәнді дақыл сапасы жағынан рекордшы еккен ақ тарыға ұқсас келеді.