Қанттың бағасын негізсіз өсіруге жол берген көтерме нарықтағы жеткізуші компаниялар заң алдында жауап береді. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілері бойынша тергеу тағайындады. Бұл туралы Үкіметтің экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссиясының кезекті отырысында белгілі болды. Елімізде өндірілген қанттың негізгі көлемін ірі көтерме жеткізуші сатып алып, тауарды айналымнан алуға жол бергені анықталған. Салдарынан қанттың нарықтық бағасы 700-800 теңгеге дейін көтерілген. Ал зауыттағы өнім құны 420-450 теңге. Алдағы уақытта импорттаушыларды тауар биржасы арқылы қант өткізуге міндеттеу және өндіруші зауыттар үшін шикізат сатып алуға несие бөлу ұсынылды. Премьер-министр аталған тәсілдерді қолдап, мемлекеттік органдарға бірқатар қосымша тапсырмалар берді.