Алматы облысының атағын әуелетер әсем орындар өте көп. Бұл қатарда тылсым сыры мен тамаша табиғаты үйлесім тапқан Қайыңды көлі де бар. Көлсай көлдерінің жүйесіне кіретін айдын ну орманмен қоршалған қазаншұңқырда жатқандықтан, қалың ағаш арасынан көлді көре алу екіталай. Көлдің атауы қайыңдарға қатысты болғанымен, шынайы бейнесінде көне шыршалардың кескіні басым: қоршап тұрған қорғаны да, тұңғиығында жасырылған құпия қазынасы да – осы шыршалар.