«Әкім бол, халыққа жақын бол» Қазақстанда билік өкілдері тұрғындармен жүзбе-жүз кездесуге міндеттеледі

Еліміздің орталық билік өкілдері мен жергілікті атқа мінерлер бұдан былай тұрғындармен кездесулерді тек «жүзбе-жүз, ашық тілдесу» түрінде өткізуге міндеттеледі. Бұл  халық үніне, яғни мұң-мұқтажына құлақ асып, сын-пікірін тыңдай білудің қамы дейді Премьер-Министр Әлихан Смайылов. Өңірлерге жұмыс сапары кезінде министрлер азаматтарды жеке қабылдайды, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен кездеседі. Онда көтерілген мәселелердің шешімі ресми интернет-ресурстарда орналастырыладлы. Бұқарамен жүздесудің жаңа форматына сәйкес әкімдер елді алаңдатып жүрген күрмеулі мәселелерді бір жүйеге келтіріп, оларды қаржыландыру мүмкіндіктері мәслихатта қаралады. Кездесулерге еркін кіру принципі сақталуы керек.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

– Тек осындай кездесулердің қорытындысы бойынша ғана халықтың тарапынан 30 мыңға жуық мәселе мен ұсыныс көтерілді. Бұлардың бірде-біруі қараусыз қалмауы тиіс. Адамдар өздері көптеген мәселелер нақты шешімін тауып жатқанын көруі керек. Осыған байланысты биылғы жылдың соңына дейін орталық және жергілікті органдар халықпен жоспарланған барлық кездесулерді бекітілген формат пен кестеге сәйкес өткізуді жалғастыру қажет. Қазіргі таңда қолда бар заманауи коммуникациялар мен ресурстардың бәрін пайдаланып әр кездесуді кеңінен жариялап отыру қажет.

 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов