Қазақстанның тартымды келбеті әлемдік блокбастерлерде! Танымал шетел компаниялары еліміздің аумағында кино түсіруге ниеттеніп отыр. Осы жылдың басында Франция және Ресей елдері сынды киноөндіріс саласының майталмандарынан өтініштер келіп түскен. Бұл жөнінде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығынан хабарлады. Ұйымның бас продюсері Адай Әбілдиновтің айтуынша, мұндай келісімдер бұған дейін де жасалған. Оларды жүзеге асыруға пандемия кедергі келтірген.
Адай Әбілдинов, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының бас продюсері:
- 2019 жылы киноорталық пен шетелдік компаниялар бірқатар келіссөз жүргізді. Америкалық «NBC Universal», «Warner Brothers», «Discovery», «Global Film» сынды компаниялар Қазақстан аумағындағы локацияларға қызығушылық танытты. Әрине, мұның бәрі пандемияға дейін болған еді, тіпті біздің локацияларда түсіру бойынша бірқатар келісім жасалған.
Былтыр коронавирус инфекциясының таралуына қарамастан, жергілікті орталық бірнеше жобаға қолдау білдірді. Осылайша отандық киноөндіріс саласының көптеген бағытының дамуына жол салды. Мұндай саясаттың нәтижесінде 39 жоба қаржыландыруға қол жеткізді. Олардың қатарында 8 көркем фильм мен 7 деректі кинотуынды, 5 анимациялық және 1 артхаус жанрындағы картина мен екі бірлескен телеөнім форматы, 9 қысқаметражды және 5 дебют бар. Сонымен қатар қазақстандық режиссерлер Абай Құнанбайұлының 175 жылдығымен қатар байқау аясында «Алыстағы ағайын» картинасын түсірді.
Адай Әбілдинов, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының бас продюсері:
- Осыдан тура бір апта бұрын киножобалардың үшінші питчингін аяқтадық. Биыл өтініштердің саны көп болды. Түрлі қазақстандық компаниялардан мемлекеттік қаржыландыруға қатысты 500-ден астам өтініш түсті. Олардың қатарында бірлескен өнімдерін ұсынған шетелдік өндірісшілер де болды. Алайда әзірге комиссияның қорытынды отырысы болған жоқ. Сондықтан айтуға әлі құқығымыз жоқ. Тек бір тоқталып өтетініміз, мемлекеттік қолдауға ниет танытқандардың қатары артып келеді.
Биыл өтініш қалдырып үлгермегендер мүмкіндіктерін алдағы жылы сынап көре алады. Киноөндірушілерге қойылатын талап ортақ. Сондықтан да авторлық немесе артхаустық жұмыс, тіпті коммерциялық жоба болсын, бәрі де мемлекеттік қолдауға бірдей ие болуға құқылы. Ең бастысы көпшілікке көрсетуге тұрарлық өнім болуы тиіс.
Айта кетерлік жайт, қазақстандық фильмдер жыл сайын танымал кинобайқауларға қатысып, жүлдеге ілігіп жүр.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов