Қ.тоқаев Бір Топ Медицина Қызметкеріне Мемлекеттік Наградалар Тапсырды

Қ.тоқаев Бір Топ Медицина Қызметкеріне Мемлекеттік Наградалар Тапсырды

Медицина саласын дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті саналады. Осы орайда, дәрігердің ел өміріндегі орны айрықша екені сөзсіз. Бұл жөнінде бүгін Мемлекет басшысы мәлімдеді. Ақордада медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты шара өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Ата заңда денсаулық сақтау мәселесіне айрықша мән берілгенін еске салды. Бұл адам өмірін сақтау медицина мамандарының міндеті ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі екенін көрсететін маңызды қадам болды. Мемлекет тарапынан  медицина саласын дамытуға ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Нақты нәтижелер бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Былтыр еліміз бойынша азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады. Соңғы үш жылда ана өлімі 35 пайызға, ал сәби өлімі 24 пайызға қысқарды. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ең төменгі көрсеткіш. Кейінгі жеті жылда еліміз бойынша 1300-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынды. Медициналық сақтандыру саласы да заман талабына сай жаңғыртылды.

Қазіргі таңда денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам маман қызмет етеді. Соңғы 3 жылда сала мамандарына көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың көлемі 7 есе ұлғайды. Дәрігерлердің жалақысы өсті, шалғай ауылдарда жұмыс істейтін дәрігерлер қосымша төлемдер алады. 2023-ші жылдан бастап 655 бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысаны салынды. Биыл 30 астам аудандық аурухана жаңғыртылып, бірқатар мамандандырылған ғылыми институттар мен көпбейінді ауруханалар бой көтеруде. Дегенмен, Президент Үкіметке бүкіл денсаулық сақтау инфрақұрылымына ауқымды реновация жүргізіп, бастапқы медициналық-санитарлық көмек жұмысшыларын қолдау бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Медициналық білім беру жүйесін дәйекті түрде жаңғыртудың ел болашағы мен ұлт саулығын сақтаудағы стратегиялық мәні зор. Салалық жоғары оқу орындары бұрынғыдай дәстүрлі білім беру мекемесі емес, іргелі ғылым мен жоғары технологиялар орталығы ретінде жаңғыра бастағаны қуантады. Интернатура кәсіби даярлықтың толық кезеңіне айналады. Енді оны тәмамдаған түлектер базалық білімді меңгерген дәрігер ретінде жұмысқа кіріседі. 

Бүгінде Қазақстан медициналық туризмнің өңірлік орталығы ретінде танылып келеді. Бұл инновацияларды қарқынды игеру, ем-домның жоғары стандартына көшу, сондай-ақ баға мен қызмет сапасының теңгерімін сақтау нәтижесі. Осы орайда, еліміздегі 1800 астам емхананың цифрлық форматқа көшкенін айта кету керек. Жаңа технологияның арқасында қатерлі ісікті анықтау көрсеткіші 30% артты. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыттағы жұмыс жалғасатынын атап өтті. Бұдан басқа, Президент Үкіметтің Астана медицина университетіне ең жоғары - Ұлттық мәртебе беру жөніндегі ұсынысын қолдады. Сондай-ақ ЖОО академик Төрегелді Шармановтың есімі берілмек. Қарағанды медициналық университеті - негізін қалаған әрі оны ұзақ жылдар бойы басқарған Петр Поспеловтің атымен аталады. Сондай-ақ, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев 40 астам сала қызметкеріне мемлекеттік наградалар тапсырды. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?