Junior Eurovision-2021 ұлттық іріктеуінің финалына дейін бір аптадан аз уақыт қалды. Өнерлі жастардың музыкалық қойылымға дайындықтары басталды. Жас орындаушылар барша қазақстандықтардың алдында 6 қараша күні өнер көретеді. Балалардың дайындық бағдарламасы: жаттығу сабақтары, фотосессия, танымал әртістердің шеберлік сыныптарына қатысу және Қазақстан елордасының көрнекі жерлеріне экскурсияға бару сияқты шараларды қамдиды. Жақында Нұр-Сұлтан қаласында ұлттық іріктеу финалистерінің кездесуі өтті. Жиынға жиналған жас таланттар бір-бірімен танысып, өткен жылдардың жеңімпаздары – Ержан Максим мен Қарақат Башановамен жүздесті.
Хамит Шаңғалиев, жобаның музыкалық продюсері:
- Балалармен вокал, актерлік шеберлік және хореография бойынша педагогтер айналысатын болады. Музыкалық материалмен жұмыс жасау барысында қатысушылар өздері үшін жаңа стиль мен мүмкіндіктерді ашатынына сенімдімін. Алдымызда жоба форматына сәйкес келетін әндерді таңдап қана қоймай, баланың вокалдық қабілетін барынша ашатын композицияны жасау сынды маңызды міндеттер тұр.
Биыл Junior Eurovision-2021 ұлттық іріктеуіне 9-14 жас аралығындағы 819 бала өтінім берді. Олардың арасынан қазылар алқасы 30 қатысушыны іріктеп алды. Келесі кезеңде қатысушыларға барша қазақ халқы дауыс берді. Қазақстандықтар Париждегі Junior Eurovision-2021 байқауында елімізді таныстыру құқығы үшін бақ сынайтын 10 кандидатты таңдады.
Естеріңізге сала кетейік, 6 қараша күні «Хабар» телеарнасынан ұлттық іріктеу тікелей эфирде көрсетіледі.