Айти мамандарға арналған бірегей алаң хакатон – енді Орталық Азиядан шыққан өнертапқыш қыз-келіншектерге ашық. Қазір жобаға қатысушылардан өтініш қабылданып жатыр. 23 мамырға дейін Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан мен Тәжікстан елінің мамандары айтулы жобалар алаңына өз өнімдерін ұсына алады.
Ануар Лензат, бизнес-инкубатордың атқарушы директоры:
– Кәсіпкерлік, венчурлық инвестициялар саласында әрбір ел жеке-жеке тартымды бола алмайды. Басқа да аймақтарды біріктіре отырып, стартаптардың үлкен көлемі пайда болады. Соның арқасында біз елдерімізді инвестиция үшін тартымды ете аламыз. Онымен қоса Орталық Азия елдерінің барлығын қамтитын экожүйе құрғымыз келеді. Біздің елдердің халық саны аз, сондықтан стартаптардың пайда болу ықтималдығы да әлдеқайда төмен.
Өтінімдерді жинау барысында бірнеше жоба байқау ұйымдастырушыларының көңілінен шықты. Оның ішінде қазақстандық әзірлеме де бар.
Ануар Лензат, бизнес-инкубатордың атқарушы директоры:
– Бүгінгі таңда көптеген айти стартаптарды жасап жатқан ер- азаматтар, яғни бұл салада олардың саны басым. Біз бұл трендті сәл өзгерткіміз келеді. Қыз-келіншектер де ауқымды жобалар ойлап тауып, батыс елдері, дамыған мемлекеттердегідей инвестиция тарта алады деп ойлаймыз. Олар команданың, стартаптың негізін қалаушы болғаны жөн. Яғни, мұнда ең бастысы қыз-келіншектердің идея генераторы болуында.
Мамырдың 27-сі мен 29-ы онлайн форматта өтетін байқауда нәзік жандылар әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешетін өнімдердің прототиптік үлгілерін жасай алады. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар ақшалай сыйлықтан бөлек, стартап акселераторына тегін қол жеткізе алады.