Иса Байзақов туралы құнды жәдігер табылды

Иса Байзақов туралы құнды жәдігер табылды

Дауылпаз ақын, әнші, сазгер Иса Байзақов туралы тың дерек табылды. Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі оның ескі қадыммен жазылған әрі еш жерде жарияланбаған қолжазбасын тапты. Алдағы уақытта араб тілінде жазылған шығармаларын жергілікті ғалымдар мұқият зерттемек.

Ербол Қайыров, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің директоры:

- Ескі қадыммен жазылған екен. Оның ішінде үш шығарма. Соның ішіндегі беріліп отырғаны осы Иса Байзақовтың «Алтын балық» шығармасы бар екен. Қазір оны аударып болғаннан кейін басқа да дүниелермен салыстыра отырып, өзінің шығармасы ма әлде өзінің орындап жүрген шығармаларының бірі ме, анықтайтын боламыз.

Сонымен бірге Иса Байзақовтың дауысы сақталған үнтаспа да табылған. Өнерсүйер қауым үшін бұл – тың жаңалық.

Амангелді Қожанов, Иса Байзақов атындағы облыстық филармониясының басшысы:

- Өте жақсы сақталып қалған. 30 секундтың өзі бүкіл қазақ елі үшін Исаның қандай болғанын, қандай деңгейдегі әнші, актер, композитор ақын болғанын, ұлы тұлға екенін дәлелдеп береді.