Ираннан Қазақстанға 20 отбасы көшіп келді. Олар елдің солтүстігіндегі үш елді мекен – Есіл ауданындағы Петровка мен Николаевкаға, сондай-ақ Шал ақын ауданындағы Сергеевка ауылына қоныстанды. Атамекенін аңсап келген қандастар тұрақты тұратын жеріне жетпестен бұрын Ираннан Ақтауға, Ақтаудан Нұр-Сұлтанға және сол жерден солтүстікке қарай ұзақ жол жүрді.
Нажиб Қазақ, қандас:
- Сезім керемет, қуанып тұрмын. Өз жерімді көргеніме, ата-бабаларымның топырағына келгеніме қуаныштымын. Келіншегім де қатты қуанды. Алдағы уақытта қалған өмірімді осы жерде сүрмекпін. Қуаныштан өз-өзіме сыймай тұрмын.
Атамекенге оралғандардың алдағы міндеті – Қазақстан азаматтығын рәсімдеп, жұмыс табу. Кейбіреулер өз ісімен айналысуды жоспарлап отыр. Қазақ тілін жетілдірем деушілерге арнайы курс оқытылады.
Еділ Тұтқышев, Есіл ауданы әкімінің орынбасары:
- Келген қандастарымыз мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасына ілігіп жатыр. Әр отбасына 204 мыңнан субсидия алынады, 500 мыңнан аса грант, бастапқы көмек алу мүмкіндіктері болады.
Арман Сүйіндіков, дүниежүзі қазақтары қауымдастығының СҚОФ жетекшісі:
- Иранда қазіргі уақытта 10 000 этникалық қазақ тұрады. Қазақтар Горган, Бүржі сияқты қалаларды мекендеген. Барлығы елге оралғысы келеді.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының хабарлауынша, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысына Ресей мен Өзбекстаннан 40-қа жуық отбасы көшіп келген. Оларға да қандас мәртебесі берілген.