Қазақстандық журналистер кәсіби мереке – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнін атап өтуде. Жыл сайынғы дәстүрге сай салалық ведомство басшысы төл мереке иелерін құттықтап, еліміздің медиа саласының үздіктерін марапаттады. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның қатысуымен өткен салтанатты жиын «Қазмедиа орталығы» ғимаратында ұйымдастырылды. Министр халықты маңызды ақпаратпен дер кезінде құлағдар етіп жүрген саланың барлық қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Күнделікті халықтың көкейтесті мәселелерін шешуде аянбай қызмет етіп келе жатырсыздар. Сіздердің материалдарыңыз арқылы тек қана қоғамдық-саяси, экономикалық өзгерумен қатар әр жеке адамның да өмірін өзгертіп, болмаса, өмірін құтқарып жатқан жайттар бар. Еңбектеріңіз ауыл, облыс жалпы еліміздің өркендеуіне ықпал етеді.
Өз қызметінде адал, жұмысында алғыр БАҚ өкілдері «Ақпарат саласының үздігі», «Құрмет» және «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды. Ерекше құрметке бөленгендердің қатарында «Қазақпараттың» фототілшісі Виктор Федюнин де бар.
Виктор Федюнин, «Қазақпарат» ХАА фототілшісі:
- Фотожурналистикада 2000 жылдардан бері жұмыс істеп келемін. Біз еліміздің және халықаралық маңызды оқиғаларынан ақпарат тарату үшін әрқашан жаңалықтың алдында жүруге талпынамыз. Жаңа астанамыз менің көз алдымда бой түзеді. Біз осының бәріне куә болдық. Арналардағы әріптестермен қанаттасып жұмыс істеудің өзі қызықты. Сіздерді мерекемен құттықтап тек бар жақсыны тілеймін.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов