Германияның Гамбург қаласында қазақстандық композитор Әйгерім Сеилова өзінің ағылшын тіліндегі опера мультимедиясын ұсынады. 360 градустық дыбысқа негізделген жаңа мәнердегі классикалық музыка шығармасының премьерасы 2 желтоқсан күні өтпек. Өнерсүйер қауым жанды әуен мен электронды дыбыстардың үндестігіне қанығып, виртуалды музыкалық саяхатқа сапар шегеді. Ауқымды әрі әсерлі бағдарламаны құруға 25 халықаралық деңгейдегі музыка майталманы жұмылдырылған. Оны жүзеге асыруға екі жылдай уақыт кеткен.
Әйгерім Сеилова, композитор:
- Бұл 90 минуттық шығарма бейнеинсталяция негізінде құрылып, солистік аспаптар, опера орындаушылары, шағын камералық оркестрге арналып жазылған. Яғни сценографияны толығымен видео әртіс алмастырады. Сондай-ақ электронды акустика әсері қолданылады. Жанды дыбыспен қатар, түрлі сенсор арқылы электронды дыбыстар қосылады.
Отандық сазгер туындының тұсаукесерін ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырып отыр. Музыкант өз музыкасы мен өнер тілі арқылы Қазақстан атын танытып жүргенін мақтан етеді. Әйгерім Сеилова – жеке аспаптар мен камералық оркестрлерге арналған 200-ге тарта шығарманың авторы. Оның туындыларын әлемнің үлкен сахналарында үздік музыканттар жарыса орындап жүр. Әйгерім – жыл сайын тек бір ғана әлемнің үздік композиторына бұйыратын Хиндемит сыйлығының иегері.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов