Қазақстанның оңтүстігіндегі қаланың қақ ортасында ортағасырлық бақ қалай пайда болды? Неліктен Ежелгі Тараз тарихи-мәдени кешені жай ғана демалыс орны емес, сонымен қатар таңғажайып археологиялық ескерткіш? Ұлы Жібек жолының бойындағы шаһардың ежелгі тұрғындары қайда жуынған? Бұл туралы «Қазақстанға қош келдіңіз!» жобасының жаңа шығарылымында баяндалады.
«Ежелгі Тараз» тарихи-мәдени паркі жақында ғана ашылды. Оның құрылысына қала аумағынан 20 гектар жер бөлінді. Бір кездері бұл жерде Тараздың орталық базары орналасқан екен.
Кішкентай ғана жер учаскесінде ғалымдар әртүрлі тарихи дәуірлердің жәдігерлерін тапты. Кейбір олжалардың жасы екі мың жылға жетеді. Қаланы зерттеген он жылда археологтар жердің астынан 50 мыңға жуық экспонат алып шықты.
Кешеннің кіреберісі өткен мен бүгіннің арасындағы байланысты білдіреді. Ол үш жапырақшалы арка түрінде жасалған. Ұшқұлақ өсімдігінің бейнесін саябақтағы барлық декорациядан байқауға болады. Мысалы, орындықтардың формасы соған ұқсайды. Аркадан өткеннен кейін ежелгі Тараздың қонақтары пішіні домбыраға ұқсайтын үлкен алаңға шығады. Онда сахнасы бар амфитеатр орналасқан.
Саябақтың негізгі алаңы «Мыңбұлақ» деп аталады. Бұл атау бізді Қазақстанның оңтүстігін мекендеген ежелгі мемлекеттер туралы ең алғашқы мәліметтерге сілтейді. Мыңбұлақ үстіртінде бір кездері Батыс Түрік қағандарының жазғы сарайы болған. Қытай тарихшыларының жазбаларында сарайды жүздеген керемет шатырдың қоршап тұрғаны туралы деректер кездеседі. Әрине, ежелгі қағанаттардың тарихы Тараздың тарихымен тығыз байланысты.
Саябақтағы ең қызықты нысандардың бірі – Мыңбұлақ алаңындағы бақылау мұнарасы. Оның биіктігі – 34 метр. Жоғары көтеріліп, бүкіл кешенді көруге мүмкіндік бар. Мұнара дала қызғалдағы стилінде жасалған. Ол гүлденудің мәңгілік символы болып табылады.
Саябақтың тағы бір көркем бұрышы – «Ұлы Жібек жолы» аллеясы. Тараз Еуропа мен Азияны байланыстырған осы сауда жолының бойындағы маңызды қала болып саналғаны белгілі. Аллеяның дизайны ерекше. Ол ежелгі дәуірдегі бау-бақша үлгісінде безендірілген. Саябақтың қонақтары араб басқыншылығы кезіндегі испан сарайларының бағында жүргендей сезінеді немесе Қытай императорының резиденциясында серуендеп жүргендей күйде болады.
«Ежелгі Тараз» саябағының бірегейлігі сол, оның аумағында әлі күнге дейін қазба жұмыстары жүргізілуде. Келушілер ағаш көпірлер арқылы жүре отырып, ежелгі қаланың орнын өз көздерімен көре алады. Ежелгі Тараздың қандай болғанын, оның қабырғалары неден қаланғанын, шаһарды сумен жабдықтау жүйесі қандай болғанын тамашалауға болады.