192 мемлекет арасында 2-ші орын. Дубайда өткен EXPO-2020 дүниежүзілік көрмесінде Қазақстан павильоны үздіктердің қатарынан табылды. Бұл туралы QazEXPOCongress хабарлады. Бірінші орын Германияның қанжығасында, үштікке Италия да кірді. Жалпы көрме ашылғалы Қазақстан павильонын 1 млн 617 мың адам тамашалаған.
Айта кетейік, Қазақстан павильоны БАӘ-нің басты павильонына жақын «Мүмкіндіктер» тақырыптық кластерінде орналасқан. Онда келушілер Қазақстанның әлемдегі орны, тарихы, мәдениеті, туристік әлеуеті, экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктері туралы ақпарат алды. Сыртқы жағынан павильон шығыс стилінде жасалып, заманауи техникалық мүмкіндіктермен толықтырылған. Павильонның кіреберіс аркасы петроглифтер және скиф-сақ мәдениетінің элементтерімен безендірілген. Бұл әсемдікке еліміз 8 млрд-қа жуық теңге жұмсады. Дубайдағы EXPO-2020 көрмесі 2021 жылдың 1 қазанында басталып, 2022 жылдың 31 наурызына дейін жалғасты.