Серіктестер әлеуетті жобаларды талқылау үшін Қазақстанда бас қосады. Алматыда еуропаның іскер тобына елдің инвестициялық ахуалы таныстырылады. Еуроодақтың Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускастың айтуынша, біздің ел кәрі құрлықтың Орталық Азия кеңістігінде ең тартымды инвестициялық мемлекеттер тізімінің көшін бастап тұр. Сөзін соңғы 30 жылдағы экономикалық көрсеткіштер дәйектейді. Мәселен, осы аралықта Қазақстанға 160 млрд доллардан астам еуропалық капитал құйылған. Дипломат сондай-ақ, Еуроодақ тараптардың кеңейтілген әріптестігі мен ынтымақтастығы туралы келісімнің қағидаттарын ұстануға ниетті екенін атап өтті. Құжат Қазақстанмен өзара іс-қимылдың 29 саласын қамтиды. Атап айтсақ, экономика, сауда, инвестиция, авиация, білім мен ғылыми зерттеулер, азаматтық қоғам және адам құқықтары бағыттарында бірлескен жобалар қолға алынған.
Кестутис Янкаускас, Қазақстандағы Еуропалық одақ елшісі:
- Осы жыл былтыр қол жеткізілген уағдаластықтарды сөзден іске, яғни нақты тәжірибеге енгізу үшін маңызды кезең деп айтуға болады. Биыл қарым-қатынас тереңдей түседі. 2022 жылы келісілген шаралар жалғасын табады. Еуропалық одақтың министрліктері мен түрлі құрылымдары тікелей байланыс орнатты. Осы жағынан үлкен серпіліс болды. Мәселен, пайдалы қазбалар, сутегі және тағы басқа салаларда меморандумдар жасалды. Қазір осы бағытта арнайы Жол картасы әзірленіп жатыр. Бұл өте маңызды құжат. Ол өзара әріптестік, жаңа инвестицияларды тарту сынды нақты келісімдерді қамтиды.