Қазақстан ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттырмақ ниетте. Есесіне, өзімізді толық қамтып, импорттан мейлінше арылу көзделуде. Артылғаны экспортқа жөнелтіледі. Осының қамында шикізатты терең өңдеуге басымдық берілген. Одан бұрын дақылдардың алқаптары әртараптандырылып жатыр.
Мәселен, су көп жұмсалатын дәндер қысқартылып, оның орнына майлы тұқымдар мен қант қызылшасы алаңдары ұлғайып келеді. Сондай-ақ, биылдан бастап сүт, құс фермалары сынды ішкі нарықтың сұранысына ие 8 бағытты қаржыландыру қолға алынды. Мұның бәрін 2024-2028 жылдарға арналған Жол картасы қамтиды. Үкіметте оның аясында қабылданып жатқан іс-шаралар қаралды. Құжатта салаға қаржы тарту жағы да ескерілген. Тек ағымдағы жылы жоспарланған инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгені құрайды. Жер емген ауыл еңбеккерлерін қолдаудың жаңа тетіктері ендірілуде.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
– Биыл көктемгі егіс жұмыстары мен ауыл шаруашылығы техникаларының лизингіне ауқымды қаражат бағытталды. Жеңіл шарттармен кредит беру көлемі бірінші рет 580 млрд теңгеге жеткізілді. Бұған дейін бұл көрсеткіш 180 млрд теңгеден асып көрмеген. Бұл егіншілердің барлық қажетті агротехникалық іс-шараларды толық көлемде жүргізуіне мүмкіндік берді. Бұл ретте қаржыландыру көздері оның ішінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды тарту есебінен барынша кеңейтілді. Қаржы институттарын тікелей субсидиялау және агроөнеркәсіп кешен субектілерінің кепілдендіру тетіктері енгізілді.