Елордалық ерекше күтімді қажет ететін 100-ден астам балғын үшін Халықаралық балалар күні Бурабай ұлттық табиғи саябағына экскурсия ұйымдастырылды. Танымдық шара «Ботай» мұражайынан бастау алды. Одан кейін «Абылай хан» алаңында жалғасып, «Визит» орталықта аяқталды.
Амангелді Қайырбеков, «Құлыншақ» ерекше балаларға арналған қайырымдылық қорының жетекшісі:
– Көптеген тарихшылардың пікірінше, бұл жерлер ерекше энергиясы бар қасиетті орындар болып саналады. Біздің балалар мен ата-аналарымыз осындай киелі мекендерді аралау арқылы өздерін жақсы энергиямен қуаттайды. 2009-шы жылдан бері осы жерлерге келіп жүрген балалардың сөзінше, шыныменде алған әсерлерін сөзбен айтып жеткізу қиын. Олардың ой өрістерін кеңейтуге, денсаулықтарын жақсартуда және жүйке-жүйенің қалпына келуіне тигізер әсері мол.
Жеткіншектер тарихи танымдарын заманауи технология негізінде құрылған ойындар арқылы да кеңейте алды. Мультимедиялық интерактивті кешенде ұрысқа қатысу, сәйгүліктермен жарысу, садақ ату және вертуалды хандармен суретке түсуге болады. Ал, 5Д атракционында самұрық құстың қанатына отырған балалар еліміздің ең көрікті жерлеріне самғады.
Зульфия Тілеуова, көп балалы ана:
– Негізі бүкіл балалар осылай тарихты, қоршаған ортаны білген өте маңызды деп ойлаймын. Мейрам күні осындайды ұйымдастырып отырған адамдарға көптен көп рахмет. Менің басқа сау балаларымнан көрі ерекше балаларыма қатты әсері болды. Қатты қуанып, ерекше әсер алды аңдармен жәндіктерді көрген кезде.
Айта кетейік, аталған шара «Құлыншақ» қорының ұйытқы болып, Қазақстан Республикасы Президентінің іс басқармасының қолдап, ұйымдастыруымен өтті.
Автор: Жеңіс Ермұқанов