Қаңтар оқиғасы елде мемлекеттік төңкеріс жасағысы келгендердің әрекеті. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді. Оның айтуынша, 2021 жылы бір жыл бойы жасырын түрде радикалды шара қолдану үшін орындаушыларды дайындау жүргізілген. Іс-шараларға ұйымдасқан қылмыстық топтар, бұрын сотталған діни экстремистер, сондай-ақ, елде тыйым салынған ағымды жақтаушылар қатысты. Салдарынан еліміздің 8 қаласында 71 ғимарат қирап, өртке оранды. Бас прокурор бүгінгі таңда оқиғаның мән-жайы, сондай-ақ барлық қаза тапқандардың жеке тұлғалары анықталғанын атап өтті.
Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры:
- Ең көп адам - 151 адам Алматы қаласында қаза болған. Көбі президент резиденциясына шабуыл кезінде өлген. Осыған ұқсас адам өлімі Қызылорда, Шымкент және Таразда болды. «Қаңтар оқиғасы» бойынша – 5300 қылмыстық іс қозғалды. Басым бөлігін, адам өлімі, ұрлық-қарлық, қару-жарақ ұрлау т.б, ІІМ тергеген. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алуға әрекет ету және аса ірі мөлшерде пара алу бойынша істі тергеуде.
Еліміздің Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов «Қаңтар оқиғасының» хронологиясына да тоқталды. Оның айтуынша, егер тәртіп сақшылары Заңда көзделген шаралар кешенін орындамағанда қайғылы оқиға ауқымы бұдан да үлкен болар еді.
Марат Ахметжанов, ҚР ІІМ министрі:
- Шабуыл барысында ауыр арматуралар, өртенетін смесі бар бөтелкелер, үлкен тастарды қолданды. Бұзақылар қала әкімдігін басып алуға әрекет жасады. Бірақ ойлары сәтсіз аяқталды. Сонымен бірге олар полиция қызметкерлерінің көлігін өртеп, коммуналдық техникаларды, көлік құралдарын тартып алды. Қақтығыс салдарынан Ұлттық ұланның 33 полицейі мен әскери қызметкері ауыр жарақат алды. Мемлекет басшысының Жарлығымен Алматыда мен Маңғыстау облысында бір уақытта, сағат 1:30-да төтенше жағдай режимі енгізілді.
Бейінді ведомство басшысының айтуынша, полиция 4 623 қылмыстық істі тергеген. Олардың көпшілігі ұрлық, кісі өлтіру, қару-жарақ сату, бұзақылық және өзгенің мүлкіне қасақана зиян келтіру фактісі бойынша жауапқа тартылды. Министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жеңілдететін мән-жайлардың болуын ескере отырып 255 адамның босатылғанын атап өтті. Сондай-ақ, «қаңтар оқиғасын» ұйымдастырған барлық жауапты тұлғалар анықталатынын айтты. Тергеу амалдары жалғасуда.