Мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығы. Елордада соңғы бес жылда бұл салаға 16 жобаны іске асыруға 60 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Оның 11 миллиардтан астамы – шетелдік капитал салымдары. Бұл туралы «Astana Invest» өкілі Нұрбол Алтаев мәлімдеді. Оның айтуынша, 2020 жылдан бастап ел астанасында МЖӘ аясында 7 нысан құрылысы көзделген. Олардың басым бөлігі білім беру саласындағы жобалар, атап айтқанда қалада жаңа форматтағы инновациялық мектептер бой көтереді.
Нұрбол Алтаев, «Astana Invest» МЖӘ департаментінің директоры:
- Бүгінде 5 мектепті салуға келісім жасалды, соның арқасында оқушылардың орын тапшылығы 20 мыңға қысқарды. Қазір тағы бір мектептің құрылысы бойынша келісім жүргізілуде, жыл соңына дейін шешіледі деп ойлаймыз. Нәтижесінде мектептер саны 6-ға жетпек. Бір мектеп осы жылдың қыркүйек айында ашылды, тағы үшеуі жыл соңына қарай ашылады деп күтілуде. Бұл оқу ордаларының артықшылығы – физика, математика, химия пәндеріне басымдық беріліп, кинозалдар, мұғалімдер мен оқушыларға арналған коворкинг-орталықтар, робот техникасы мен нанотехнология зертханалары бар.
Жалпы МЖӘ туралы заң қабылданғаннан бері республика бойынша жалпы сомасы шамамен 1 трлн 200 млрд теңге болатын 1 300-ден астам бірлескен жоба іске асырылды. Білім беру саласынан басқа медицина, мәдениет және спорт, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, сондай-ақ көлік және инфрақұрылым, қаржы және сақтандыру қызметі сияқты бағыттар қамтылды.
Авторы: Ақзер Сегізбай