V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары шетелдік туристердің көзімен

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары әлем назарында. Төрткүл дүниедегі көрерменнің бірі теледидар мен желіге телмірсе, енді бірі Астанаға ат терлете жеткен. Дүбірлі доданы өз көзімен көруді қалағандардың қатарында Өзбекстанның танымал опера әншісі Курсанд Шеров та бар. Ол Ташкенттен Астанаға велосипедпен жеткен.  

Курсанд Шеров, турист, Өзбекстан:

– Мен көшпенділер фестивалін қолдау үшін арнайы келдім. Үлкен қашықтықты біздің балуандарымыздың, Азия әлемі күресшілерінің жетістіктерін қолдау үшін бағындырдым. 

Жақсыны көрмекке Қазақстанға ағылған жиһангездер арасында мұхит асқандар да аз емес. Сарыарқа төріне арнайы келгендердің мақсаты бір: көшпенділер мұрасымен жақын танысу. 

– Мен Аустралия елінен келдім. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары. Үш күн бойы аударыспақ, көк бөрі және жамбы ату сынды көне ойын түрлерімен таныстым.  

– Мен Қазақстанға Сингапурдан мотоциклмен жеттім. Алғашқы тамашалаған ойыным ат үстінен садақ ату. Сондай-ақ біз көкпар мен күрес жарыстарына жанкүйер болуды жоспарлап отырмыз. Бұл шарадан үлкен әсер алып жатырмын. 

Шетел меймандары Ұлы даланың көне ойындарымен қатар, түркі әлемінің бай мәдени және рухани мұрасына қаныққандарын айтады. Әлем саяхатшылары қазақтың салт-дәстүріне, қонақжайлылығына тәнті. 

– Өте ерекше мәдениет. Мен мұнда бұрын соңды көрмеген бірегей дүниелермен таныстым. Ат үстінде садақ ату, жалпы ойындар қатты ұнады.  

– Мен Құрама Штаттар Калифорниядан келдім. Астанада Көшпенділер ойыны өте керемет өтуде. Адамдар өте қонақжай, мәдениеті өзіне баурап алды. Қазақстанға шынымен ғашық болдым. 

Дүбірлі дода қонақтары спорттық тартыстардан бөлек, арнайы құрылған этноауылда көшпелілер мәдениетімен етене таныса алады. Аумағы 10 гектар жерді алып жатқан ашық аспан астындағы кешен күніне 30 мың адамға дейін қабылдай алады. 

Елорданың маңы құдды бір Түркі өркениетінің көне ауылы іспеттес. Бұл жерде киіз үйлер тігіліп, қазан қайнап, қолөнер шеберлерінің көрмелері ұйымдастырылуда, дәстүрлі концерттік бағдарламалар өткізіліп жатыр. Көшпенділер ойындарының қатысушылары мен меймандары бұл жерде түркі әлемінің керемет дүниелеріне қанығып, қызықтай алады.  

Айта кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын тамашалауға Астанаға 100 мыңнан астам турист келеді деп болжанған болатын.