Қазақстан тарихынан сыр шертетін ескі жазба-деректерді зерттейтін ғалымдардың тапшылығы – бүгінгі күннің үлкен проблемасы. Бұл туралы белгілі тарихшы Тілеген Садықов Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Ортағасырлық жазба деректердегі Қазақ мемлекеті» атты көрменің тұсаукесерінде мәлімдеді. Тарихшының айтуынша, елімізге қатысты құнды жәдігерлерді алыс-жақын шет елдерден жинау тарихымызды тереңірек білуге, ақтаңдақ беттерін қайта жазуға зор мүмкіндіктер туғызады. Бұл игі істердің болашақ ұрпақ үшін алатын орны ерекше болмақ.
Тілеген Садықов, Еуразия ұлттық университеті, тарих факультетінің деканы, тарихшы:
- Қазіргі таңда бұл бастамасы ғана деп айтар едім. Меніңше, деректік материалды әлі толық игере алмауымыздың екі түрлі себебі бар. Біріншіден, осы тілді білетін, соны игеретін ғалымдардың, зерттеушілердің жеткіліксіз болуы. Кеңес дәуірінен орыс тілін білсең, киррилицамен жазғанды оқысаң сол жеткілікті деген ұғым қалыптасып қалған. Араб тілін жетік білу, парсы тілін жетік білу, түрікше жазылған материалдарды зерттеу қазіргі ғалымдардың алдында тұрған үлкен міндет. Екіншіден, келіп жатқан деректердің, құжаттардың жағдайы бірдей емес, ішінде тозығы жеткені де бар.
Айта кетейік, елордада көпшілік назарына ұсынылған көрмеге қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қорында жинақталған Қазақстан тарихына қатысты сирек кітаптар, қазақ хандарының хаттары, карталар қойылған. Көрме желтоқсан айының соңына дейін жалғасады.
Авторы: Ақзер Сегізбай