Елордада «Пернесінде сөйлейді Ұлы дала» домбыралар көрмесі ұсынылды

Елордада Ұлттық домбыра күні қарсаңында және аңызға айналған күйші Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына орай Атырау облысының тарихи-өлкетану мұражай қорындағы домбыралар топтамасы қойылды. «Пернесінде сөйлейді Ұлы дала» деп аталатын көрмеде көрермен назарына ұсынылған 244 жәдігердің 88-і киелі аспап. Қазақтың ән мен күй құдіретін асқақтатқан, тарих үнін жалғастырған ұлы жәдігеріміздің пішіні мен жасалуына қарай түр-түрі жинақталған.

Рашида Харипова, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:

- Өзге экспозициялардан ерекшелігі бұнда домбыраның тек санымен ғана емес оның тарихилығыменде маңызды. Музей қорында ең алғаш 1975 жылы сүйектен, ағаштан жасалған және күміспен әшекейленген домбыра болса, мәдениетті қолдау жылы, мәдени мұра жылдары аясында, яғни 2000 жылдары музей қоры көптеген домбыралармен толыға бастады.

Оның ішінде ғасыр саңлағы Дина Нұрпейісованың түпнұсқа аспабы, батыр әрі дауылпаз ақын Махамбет пен Абай домбыраларының көшірмесі, сондай-ақ КСРО-ның халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің, Қаршыға Ахмедияровтың, Рыспай Ғабдиевтің, Әзидолла Есқалиевтің, еліміздің еңбек сіңірген әртістері Мекес Төрешовтің, Айгүл Үлкенбаеваның домбыралары бар.

Рашида Харипова, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:

- Менің қолымдағы ерекше домбыра. Бұл Әсима Ізмұхамбетова анамыздың домбырасы. Әсима анамыз Республика бойынша өткізілген Алматы қаласындағы сайыста 50-ден астам нотаға түспеген күйлерді жеткізу арқылы сол сайыстың рекордын жаңартты. Және анамыз Құрманғазының «Қарт жігер», Мақаштың басқа да нотаға түспеген күйлерін халыққа жеткізуші.

Айдана Мұрсалимова, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы:

- Қазақ топырағында алғашқы сонета негізін қалаған ұлы ақын, ұлы жазушы Хамит Ерғалиевтің домбырасы. Домбыраның басты ерекшелігі ол жалпы қазақтың ұлттық аспабының құлағы артында болатын болса, бұл жерде біреуі артында, біреуі жанында орналасқан. Оны жасаған автор түркменстандық шебер. Хамит Ерғалиев аталмыш домбырамен Құрманғазының толғауын талай халық алдында орындаған екен.  

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев жанына серік еткен домбырасын 2007 жылы музей қорына табыстапты. Киелі аспаптың қасиетін жақсы түсінетін өнер майталманы бұл асыл қазынаның әуелеген шері жүрек тербетіп, көңіл толқытатын ұлттың болмысы, рухы биік, елжанды ұрпақ тәрбиелеуде таптырмас құрал деп біледі.

Аманжол Әлтаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Домбыраның үні, оның қадір-қасиеті ерекше. Біздің ата қазақтың көнеден келе жатқан ұлы байлығы, болмысы осы домбыра арқылы көрінеді. Біз домбыра арқылы мұңымызды, бүкіл қайғы шерімізді шығарған халықпыз кешегі тар заманда. Қуанышымызды, сүйіншімізді осы домбыра арқылы жеткізген халықпыз. Домбыраның болмысында қазақтың ұлы тарихы, ұлттық қасиеті бар.   

Қазақстанда ұлттық домбыра күні бекітілгені белгілі. Ол жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде ел көлемінде жаппай аталып өтетін дәстүрлі мейрамға айналды. Игі шара ұлттық өнерді ұлықтап, ата кәсіпті жаңғырту қамында қолға алынған. Бұл қазақтың мәдени мұрасының інжу-маржаны – домбыраға деген құрмет. Атырау облысының тарихи-өлкетану мұражайы ұлттық аспапты елде дәріптеумен қатар шетелге насихаттауды мақсат етеді. Осы орайда домбыралар топтамасын Түркияда Дина Нұрпейісова құрметіне ашылған саябақта қоюды жоспарлап қойыпты.