Елордада креативті индустрияны дамыту

Елордалық «Ozge Epic» креативті хабында бірегей этномұражай мен қолөнер шеберханасы жұмыс істей бастады. Мұнда қазақтың дәстүрлі өнер түрлері мен бай мәдени мұраны сақтау және ұлттық құндылықтарды жаңғырту қамында шеберлік дәрістерін өткізу жоспарланған. Бұл игі істі он саусағынан өнер тамған Бейісбековтер әулеті қолға алған. Өз ісінің хас шеберлері қазақи нақышта көздің жауын алатын ерекше бұйымдар жасайды. Нәзік жандылар ескі әдіспен киіз басып, заманауи үлгіде гобелендер жасайды. Дәстүрлі ою-өрнектермен көмкерілген кілемдер тоқиды. Ал ер адамдар болса, темірден түйін түйіп, ағаш пен теріні терең өңдейді. Ата кәсіпті ұлықтап, ат әбзелдері мен сәндік-қолданбалы тұрмыстық заттар әзірлейді. «Атадан балаға мирас болған халық мұрасын бүгіннің игілігіне жарата білу басты мақсатымыз дейді», - Берік Бейісбеков. 

Берік Бейісбеков, Суретшілер және қолөнер шеберлері одағының мүшесі:

– Қазақтың өнерін дәріптейміз, үйренемін деушілерге осы жерде мастер класстарымыз бар. Келіп қай бағытты таңдайды, сол бағытта жұмыс істеп, оқып үйренуіне болады. Бұл жерде киізден түрлі өнімдер шығарады. Мысалы, бас киімдер, жібек матадан шарфтар, сосын аяқ киім, байпақтар кіші балаларға,  жилеткілер тігу сынды мастер класстар бар. Тері бағытында қамшы, қазіргі заманауи браслеттер, әмияндар жасап шығаруды үйренуге болады. Сондай-ақ кілем тоқу, алаша тоқу мастер класстары бар.  

Тамыры терең тартқан қазақ халқының дәстүрлі тұрмыстық салтымен етене танысуға көбіне шетелдіктер әуес дейді ұйымдастырушылар. Оларды көбіне шеберхана жұмысы қызықтыратын көрінеді. Бұл жерде өз елдеріне естелікке ала кететін кәдесыйлардың сан алуан түрін кезіктіруге болады. Тұмар, асық, әшекей бұйымдары, киізден жасалған бұйымдардың таңдауы көп. Жалпы этно хаб кеңістігінде 6 тақырыптық зал орналасқан. Олардың бірі әдеби, музыкалық кештер, тұсаукесерлер сынды танымдық жиындар ұйымдастыруға арналған. Сонымен қатар, отандық қылқалам шеберлерінінің бірегей туындыларының көрмесі өтетін арт галерея, театр алаңы, кітапхана мен заманауи смарт залдары бар.  

Малика Мырза, Астана Қ. «Ozge Epic» креативті хабының жоба менеджеріҮ

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың креативті индустрияны дамыту, атап айтқанда мемлекеттік тіл – қазақ тіліміз креативті индустрияның қозғаушы күшіне айналуы тиіс деген тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда Астана қаласында «Өзге эпик» креатив хабы жұмыс істейді. Оның мақсаты – бәсекеге қабілетті заманауи қазақ өнерін дамыту және осы қолөнермен айналысатын, өнердің әр түрлі саласында жүрген дарынды жастарды қолдау және оларға тәлімгерлік ету. 

Айта кетейік, мұндай креативті хабтар Алматы мен Түркістан шаһарларында да ашылған. Жақын арада шығармашылық кеңістік еліміздің батысы – Орал қаласында іске қосылады.