Қазақстандықтар ішкі туризмге басымдық бере бастады

Қазақстандықтар ішкі туризмге басымдық бере бастады

Қазақстандықтар ішкі туризмге көбірек мән бере бастады. Еуразия құрлығының кіндігінде орналасқан елімізде тарихи ғимараттар мен заманауи сәулет өнерімен үйлесім тапқан бірегей табиғи ескерткіштер бар. Қазақтың кең даласы мен биік тауы арасында   таңғажайып жерлер де жоқ емес. Мәселен,  Жангелді ауданындағы жер астынан шығып жатқан ыстық су көздеріне барғысы келетіндер саны жыл санап артып келеді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша мұндағы судың емдік қасиеті бар.

Әлмұрат Қабылұлы, Жангелдин ауданының тұрғыны:

– Келушілер көп.  Мінекей мына осы жігіттер қазір келіп жатыр, Сонау Қостанай қасындағы Әулиекөлден, осы ауылдан, Ресейден бәрінен келеді.

Келушілерді қызықтыратын тағы бір туристік орын – Қаратұз көлі. Әсем жердің табиғатын тамашалуға еліміздің түкпір-түкпірінен келеді. Одан сәл әрі қарай Ахмет Байтұрсынұлының туған ауылы орналасқан. Аталған маршруттарға мыңдаған келушілер, соның ішінде шетелдіктер аса қызығушылық танытқандықтан, Қазақстан орталығы мен батысын байланыстыратын бағыт бойынша Амангелді ауданында туристік хаб салынып жатыр.

Нұрлан Қойшығұлов, Амангелді ауданы құрылыс бөлімінің басшысы:

– Нысандардың бәріне су тартылып тұр. Алты нысанның бесеуіне кәріз жүйесі тартылған. Үш септиктің екеуі дайын тұр. Үшіншісін жақын арада орнатады. Негізі облыстық бюджеттен көмек есебінде автотұрақ асфальтталады. Сосын кіреберіс жол бері қарай. Амангелді ауылының бір жақ шетінен тартылады және батыс жағына шыға беріске асфальт қосылады.

Сүндет Ғаниев, Амангелді ауданы әкімінің орынбасары:

– Былтырғы жылы облысымызға 1200 турист келген. Ал жыл басынан бері – 300-ге жуық. Жалпы, келгісі келетіндер көп. Қонақтар көбіне  зерттеушілердің пікірінше сегіз мың жылдан астам бұрын пайда болған Торғай геоглифтерін көргісі келеді.

Қызылорда облысындағы Қамбаш көліне алыс-жақыннан келетіндер көп. Сенбі-жексенбіде демалушылар қатары 2 мыңнан асып кетеді. Олардың аңсайтыны – айдынның мөлдір суы мен құмды жағалауы.

БЛИЦ:

– Қазалыдан келіп тұрмыз демалуға. Биыл су келіп жақсы болды. Қанша халық демалып жатыр.

– 2-3 жыл бұрын су тартылып, келе алмадық. Содан кейін осы келіп тұрғанымыз. Арал ауданы бойынша Қамбашқа ғана келеміз.

Бұл жерде агротуризм, этнографиялық, тарихи туризм қолға алынбақ. Жақын болашақта қыстық туризмді дамыту жобалары да бар.