Қазақстандықтарды қайырымдылық пен игі істер жасауға ынталандыру. Осы мақсатта елімізде волонтерлікті дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасы әзірленіп жатыр. Құжатта еріктілер қозғалысын құқықтық, әдістемелік және ақпараттық қолдау тетіктері қарастырылатын болады. Оны алдағы сәуір айында қабылдау көзделуде.
Сондай-ақ биыл игі істерді қолдау тетіктерін жетілдіруге бағытталған заң жобасын жасау қолға алынған. Онда еріктілік қызметті негізгі еңбек өтіліне қосу сынды түрлі мәселелер қарастырылған. Бұған қоса елдегі білім беру ұйымдарында қайырымдылық негіздері бойынша оқу тақырыптары мен факультативтік сағаттарын енгізу көзделіп отыр.
Бақдаулет Жәнділдаев, «Jas Otan» ЖҚ Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы:
- Еріктілерге әкімдіктердің деңгейінде немесе жалпы өздерінің бастамасын қолдау бойынша көптеген жұмыс атқарылуда. Мысалы, біз Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Jas Otan» Жастар қанаты еріктілерге мүмкіндігінше меценаттарды тауып, олардың жоғарғы оқу орындарында, колледждерде тегін оқуына мүмкіндік беру бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Осы секілді әрбір өңірде өздерінің аймақтық ерекшеліктеріне қарай осындай шаралар ұйымдастырылуда.
Жалпы бүгінгі таңда елімізде еріктілерді қолдауға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде волонтерлік ұйымдар мен топтардың қатары 600-ден асып, тұрақты еріктілер 200 мыңға жетті. Пандемия кезінде қайырымды жандар бір миллионнан астам мұқтаж жанға көмек қолын созуға атсалысты.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов