Елімізде өз еркімен екпе салушылар қатары артып келеді. Мәселен, демалыс күндері Ақтаудағы вакциналау пункттерінде ұзынсонар кезек түзілген. Қалалық емхана басшылығының айтуынша, мұнда 3 екпе кабинеті жұмыс істеп тұр. Қосымша екі бөлме дайындалған. Дәрігерлер тұрғындарға кезекте ұзақ тұрмас үшін қаладағы кез келген емханаға барып, қажетті вакцина алуға кеңес береді.
Айта кетейік, Маңғыстау облысы бойынша 38 екпе егу бөлмесі, 14 жылжымалы бригада дайындалған.
Нұрбол Қонжар, Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
- Дәл сол күні 600-ге жуық адам вакцина алған. Өз еркімен вакцина алуға келген үлкен кісілер, жанында жүрген балалар, қыздар бар. Кейбірі консультация алуға келген.
БҚО-да да ұқсас жағдай орын алуда. Бүгінде өңірде шамамен 360 мың адам вакциналануға жатады. Қазір халықтың үштен бір бөлігінен астамы егіліп үлгерді. Жергілікті дәрігерлердің айтуынша, бұл эпидемияны вакцина тоқтата алады. Мысалы, Бөкей Орда ауданында тұрғындардың 40% иммундаудан өткен.
Сания Харесова, эпидемиолог-дәрігер:
- Халықтың 40% вакциналанды. Біздегі жоспар бойынша 8203-ке жеткізу керек. Бірінші компонентпен 3301, ал екіншісімен 2606 адам егілді. Қазіргі уақытта «Спутник V»-ның бірінші компонентінің 500 және екінші компонентінің 865 данасы резервте бар. Ал «QazVac» вакцинасының бірінші компонентінен 30 доза күтілуде. Аудан бойынша 8 екпе кабинеті бар.