Елімізде келесі айда COVID-19 жұқтырғандар саны артуы мүмкін

Елімізде келесі айда COVID-19 жұқтырғандар саны артуы мүмкін

Үкімет отырысында санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы айтылды. Елімізде келесі айда COVID-19 індетін жұқтырғандар саны артуы мүмкін. Пессимистік сценарий бойынша күніне індетпен ауырғандар саны 1 700-ге дейін жетеді. Алайда санитарлық дәрігердің нұсқаулығы сақталған жағдайда науқастар саны бірнеше есе аз болуы мүмкін.

Нақтылайтын болсақ, күніне 500 адам. Қазақстанда коронавирустың таралуына байланысты мұндай болжамды Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында айтты. Министр республикада COVID-19-ға қарсы вакциналау 1 ақпаннан басталғанын еске салды. Қазіргі таңда 76 мың қазақстандық вакцина салдырды. Ал сәуір айынан бастап вакцинаны созылмалы аурулары бар адамдар, 65 жастан асқан азаматтар және халықтың басқа топ өкілдері салдыра бастайды. Ол үшін Үкімет басшысы Асқар Маминнің тапсырмасымен елімізде қосымша егу кабинеттері ашылып, халыққа түсіндіру жұмыстары күшейтілетін болады.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Әкімдіктердің сайтында вакциналау, оның пайдасы мен егу пунктерінің мекенжайлары туралы нақты ақпарат жоқ. Халық арасында вакциналаудың маңыздылығы туралы дұрыс пікір қалыптастыру үшін қоғам мен медицина қызметкерлері арасында семинарлар ұйымдастыру керек. Денсаулық сақтау министрлігіне наурыз айының соңына дейін егу пунктерінің дайындығын бақылап, вакцинаны қажетті көлемде уақытылы жеткізу үшін барлық мәселені шешуді тапсырамын.

Авторы: Ақзер Сегізбай