Алматыда еліміздегі алғашқы инновациялық ядролық медицина орталығы ашылды. Ол онкологиялық дертке шалдыққан адамдарға қысқа мерзімде дәл диагноз қоюға мүмкіндік беретін жоғары технологиялық құрылғымен жабдықталған. Орталықта қазақстандықтар үшін барлық зерттеу тегін. Томографиялық зерттеу әдістері арқылы науқасқа 48 сағат ішінде нақты диагноз қойылады. Сондай-ақ заманауи диагностиканың көмегімен дұрыс емдеу тізбегі жасалады. Алдағы уақытта дәл осындай кешен Қарағанды, Шымкент, Орал қалаларында ашылады деп жоспарлануда.
Әлішер Теміржанұлы, Радиоизотопты диагностика бөлімінің меңгерушісі:
- Позитронды-эмиссионды томография әдісі – гибридті, яғни компьютерлі томографиямен біріктірілген аппарат. Оның көмегімен ағзаны молекулярлы және жасушалық деңгейде зерттеуге мүмкіндік бар. Бұл ең алдымен 90% жағдайда онкологиялық ауруларды зерттеуге, диагностикалауға, емнің әсері мен оның тізбегін дер кезінде өзгертуге мүмкіндік береді.