Ұлттық парктер – отандық туристік саланы өркендетудің жаңа бағыты. Қазақстан бүгінде оларды жан-жақты дамытуға ниетті. Бірінші кезекте - Шарын мен Алтынемел. Осынау көрікті жерлерде алдағы екі жылда визит-орталықтар, этноауылдар, эко-қонақүйлер, кемпингтер және көру алаңдары пайда болмақ. Осы мақсатқа 10 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды. Бұл туралы «Qazaq Geography» компаниясының жобаларды іске асыруға жауапты өкілі Аида Табелинова хабарлады. Оның айтуынша, ұлттық парктердің инфрақұрылымын, ең алдымен, өңірдің тарихи мұрасына баса назар аудара отырып дамытады.
Аида Табелинова, география ғылымдарының кандидаты, «Qazaq Geography» компаниясының бас менеджері:
- Ұлттық парктер – бұл жай ғана әдеми табиғи орын емес. Ең алдымен, Алтынемел – Шоқан Уәлихановтың өмірінің соңғы жылдарын өткізген жері, сондай-ақ тарихи-мәдени нысандардың тұтас алаңы. Өйткені онда Бесшатыр қорғандары орналасқан. Сондықтан бұл – тек биоалуантүрлілік саласындағы ғана емес, сонымен қатар тарихи-мәдени экологиялық-ағартушылық жұмыстардың да, ғылыми-зерттеу жобаларының тұтас зертханасы.
Әзірге жобалар дайындық үстінде. Алдымен «Qazaq Geography» өкілдері атап өткендей, геолог, геоморфолог, гидролог, биолог, зоолог, ботаниктер мен сейсмолог сынды бірқатар мамандар сараптамалық пікірлерін ескере отырып кешенді жұмыс жүргізу қажет.
Аида Табелинова, география ғылымдарының кандидаты, «Qazaq Geography» компаниясының бас менеджері:
- Барлық қажетті тексерістен өтіп арнайы рұқсат алғаннан кейін ғана құрылыс жұмыстары басталады. Сондықтан қоршаған ортаға әсерді алдын ала бақылаудан, рекреациялық жүктемелерді есептеуден, қоғамдық түрлі пікірлерді тыңдағаннан бастап, сондай-ақ ұлттық парктің табиғи және мәдени мұра нысандарын сақтауға мүмкіндік беретін білім беру, экологиялық, картографиялық жобаларды әзірлеуге дейін жұмыс жүргізіледі.
Алтынемел мен Шарынға жылына 20 мыңға жуық адам келетінін атап өткен жөн. Аталған жоспарды іске асыру жақын және алыс шетелдерден келетін туристер ағынын бірнеше есе арттырады деп күтілуде.
Авторы: Ақзер Сегізбай