Оның дерегінше, биыл күзде Алматы қаласында израилдік компания өз қаржысына тамшылатып суаруға арналған құбырлар шығаратын зауытты іске қосуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, жыл соңына дейін қытайлық компаниямен бірлескен жаңбырлатып суару машиналарының өндірісін құру көзделген. Министрдің сөзінше, бұл елімізде егіс алқаптарында су үнемдеу технологияларының үлесін артыруға септігін тигізеді. Мәселен, биыл 1 жарым млн гектар суармалы жер игерілмек.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- 1 млн 126 мың гектар немесе жердің 75% жерүсті әдісімен суарылады. 95 мың гектары күріш алқаптарын су басу арқылы, 279 мың гектар алаңда немесе 13,3% заманауи тамшылатып суару жүйелері пайдаланылады. Мұнда су үнемдеу технологияларын қолданудың жоғары үлесі байқалатын Павлодар Жамбыл Түркістан Қарағанды облыстарын атап өтуге болады. Суды аз қажет ететін және моно дақылдардың алаңдарын әртараптандыру бойынша жоспарлы жұмыс жалғасуда.