Қазақстан астанасында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтеді. Елордада осымен жетінші рет ұйымдастырылатын отырыс 2022 жылға жоспарланған. Оған 70 елдің өкілдері қатысады деп күтілуде. Бұл туралы конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Назарбаев орталығының басшысы мәлімдеді. Болат Сәрсенбаевтың айтуынша, съездің өтетін күні нақтыланып жатыр. Оның уақыты қазан айының басында 20 мемлекеттің түрлі конфессияларының өкілдері қатысатын съезд Хатшылығының отырысы барысында белгілі болмақ.
Болат Сәрсенбаев, конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығының басқарма төрағасы:
- Қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көсбасшыларының съезі Хатшылығының 19-шы және жұмыс тобының отырыстары өтеді. Жиын оффлайн форматта өтеді деуге болады. Себебі Хатшылықтың шетелдік мүшесінің көпшілігі, яғни 18-і Нұр-Сұлтан қаласына келуге келісімдерін берді. Хатшылықтың 7 мүшесі онлайн режимде болады. Отырыс ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың басшылығымен өтеді.
Айта кетейік, елордада ұйымдастырылатын алдағы кездесуде діни саммиттің өтетін уақытымен қатар, оның бағдарламасы, күн тәртібі мен жұмыс регламенті де анықталады. Бұл пандемияға байланысты жаһандық сын тегеуріндер мен адамзат үшін өзекті мәселелер болмақ. Съезд еліміздің бас шаһарында 2003 жылдан бері өткізіліп келеді. Онда Қазақстан медиатор рөлін атқарып, конфессия көшбасшыларын ынтымақтастыққа шақырады. Жыл сайын оның беделінің өсуімен қатар қатысушылар саны да артып келеді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов