ЕАЭО елдері ортақ электр энергетикалық нарық қалыптастыруды көздеп отыр. Осыған орай салалық ведомствоның басшысы Болат Ақшолақов Қазақстан Парламенті Мәжілісінің отырысында тиісті хаттаманы мақұлдау қандай экономикалық нәтиже алып келетінін айтты. Оның сөзінше, құжатқа сәйкес ел экономикасына оң әсер ететін жаңа ережелер қабылданады деп күтілуде. Сондай-ақ бірыңғай экономикалық кеңістіктегі елдердің ортақ жүйесін құру Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің ұлттық электр энергиясы нарықтарын интеграциялау жолымен өтетінін тілге тиек етті. Бұл ретте өндірушілер мен тұтынушылардың экономикалық мүдделерінің теңгерімі сақталатын болады. Бұған қоса сала мамандары тең құқықтық, өзара тиімділік және мүше мемлекеттердің кез келгеніне қаржылық залал келтірмеу негізінде ынтымақтастық орнату үшін жағдайлар жасайды.
Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:
- Экономикалық тиімділік жөнінде айтар болсақ, Қазақстанның энергия жүйесі жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін одаққа мүше елдер, сондай-ақ шекаралас мемлекеттермен өзара іс-қимыл бойынша әзірленген дұрыс және нақты ережелердің болуы тиіс. Бұл тікелей бағаның өсуіне алып келмейді. Себебі онда осыған бағытталған ережелер қарастырылған.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов