Құнды жәдігер. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары Абайдың әкесі салған мешіттің алғашқы айшығы Қарағанды облысынан табылды. Өлкетанушы Ерлан Мұстафиннің айтуынша, айшықты қала тұрғындарының бірі сақтап, өмірінің соңына дейін жастығының астында жасырып келген. Салмағы шамамен 300 г құрайтын темір жарты айда, бояудың іздері әлі де көрінеді. Мамандар табылған артефактіні ғылыми әдіспен айқындау оңай болмайтынын айтады.
Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы:
- Қарқаралы уъезінде аға сұлтан болып басқарып тұрған кезінде Құнанбай 12 болыстың басын қосып, осы мешітті салғызыпты. Бұл енді ол кісінің өз заманында жәй ғана шынжыр балақ, шұбар төс, алпауыт бай болып қана қоймай, оның халықтың рухани әлеміне де қатты көңіл бөлгендігін байқатады деп айтар едік. Құнанбайдың көзін көрген құнды жәдігер болып, тарихи бұйым ретінде есептеліп отыр. Бүгін соны қолымызға ұстап көріп, тәу етіп тұрған жайымыз бар.
Ерлан Мұстафин, өлкетанушы:
- Ол үйге Ақжан әл-Машани барып тұрады екен. Сондықтан осы айдың тарихын, мешіт айшығының дәл осы үйде екенін білген. Кейін мешіт ашыларда Ақжан әл-Машани бір туысына хабарласып айшықты алуды тапсырған, сондай-ақ осы айшықты мешітке қайтадан ілуді көздеген. Ақжан әл-Машани мешіттің ашылуына келемін деп жоспарлаған, алайда қателеспесем келе алмады. Сөйтіп туысы айшықты сақтаған ақсақалың үйіне барып, балаларының рұқсатымен алады, себебі ақсақалдың өзі дүниеден озған екен. Содан кейін айшық жоғалады.