Қазақстанның павильоны – Дубай EXPO-2020 көрмесінде аумағы бойынша ең үлкені. Ол 3 000 шаршы метрден асады. Қазақстан павильоны үш қабаттан тұрады. Келушілер ең алдымен еліміздің туристік әлеуеті, көркем табиғаты, мәдениет пен салт-дәстүрімізбен танысады. Сонымен қатар қонақтарға көне дәуірден бергі Қазақстан тарихы да ұсынылған.
Павильонның құны 8 млрд теңге. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жұмсалған қаражат инвестиция есебінен өтеледі.
Айта кетейік, 1 желтоқсанда өтетін EXPO-2020 көрмесіндегі Қазақстанның ұлттық күні аясында ірі инвестициялық форумға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Оған Таяу Шығыстың ірі кәсіпкерлері қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар павильон аумағында 30-дан аса іскерлік кездесу өткізу жоспарланып отыр. Нәтижелері бойынша ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылады.
Аллен Чайжунусов, «QazExpoCongress» Ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы:
- Бұл – көрме жұмысының алғашқы сағаттарында болған павильондардың бірі. Павильонның базасында жеке мазмұнды іскерлік кездесулер жоспарланған. Мысалы Қазақстанның «жасыл» аптадағы бағдарламасы іске қосылмақ, сонымен қатар өңірлер мен облыстардың және қалалардың күндері өткізіледі.
Киара Хильдебранд, Австрия тұрғыны:
- Менің ең жақын досым қазақстандық. Еліңіздің табиғаты таңғажайып екенін білемін, болашақта сол кереметті өз көзіммен көру үшін Қазақстанға барамын.