Қазақстанның экологиялық жобаларын БҰҰ Жасыл климаттық қоры қаржыландырады.
Бұл үшін 280 млн доллар қаржы бөлінеді. Қаражат жаңартылатын энергия көздерін
дамытуға, өнеркәсіп секторында төмен көміртекті технологияларды енгізуді
ынталандыруға, сондай-ақ электромобильдер нарығын дамытуға бағытталады.
Сырым Нұрғалиев, Халықаралық жасыл технологиялар орталығы жобаларды басқару
департаментінің жоба жетекшісі:
- Жаңартылатын энергетика бөлігіндегі бірқатар жобаларды қаржыландырды. Бұл -
жел станциялары мен күн станциялары. Қазірдің өзінде жұмыс істеп жатқан бірнеше
жоба бар. Бұл Еуропалық қайта құру және даму банкі қаржыландырған 11 жобаның тоғызы.
Өнеркәсіп секторында төмен көміртекті дамыту бойынша жобалар бар. Яғни осы
бағыт да қарқынды дамып келеді. Оны Азия даму банкі қолдап отыр. Сондай-ақ,
Еуропа қайта құру және даму банкі көгалдандыру мен «жасыл» қаржыландыру бойынша
бір мезетте жұмыс істейді. Мұнда шағын және микронесие ұйымдары, орта бизнес өкіледрі
үшін белгілі бір қаржыландыру көздері бар.
Айта кетейік, жасыл жобаларды ілгерілету үшін өткен жылы БҰҰ климаттық қоры
үшін ел көлемінде бағдарлама әзірленді. Оған парниктік газдар шығарындыларын
азайту, ауылдағы сумен жабдықтау жүйелерін дамыту және фермаларды жаңғыртуға
бағытталған 7 жоба енгізілген.
Сырым Нұрғалиев, Халықаралық жасыл технологиялар орталығы жобаларды басқару
департаментінің жоба жетекшісі:
- Осы 7 басым бағыт бойынша жобалар қаржыландырылатын болады. Сондай-ақ, ел
көлеміндегі бағдарлама аясында да жобалар бар. Осы 7 жобаның жалпы құны 1
миллиард доллар. Оның 630 млн долларын Жасыл климаттық қор ұсынады деп жоспарланып
отыр.

