ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматы қаласы халықаралық әуежайын бүлікшілер қалай басып алғаны туралы айтып берді. Нысанды 800-ге жуық қылмыскер шабуылдаған. Әуе айлағының терминалында орналасқан дүкендер мен кассалар тоналған.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:
- Наразы топтар кәсіби машықтанғанын көрсетті. Олардың әрекетінде тәртіп пен ұйымдастыру элементтері байқалды. Болған жерлерінде әуелі бейнебақылау камераларын істен шығарып, өтер жолды жауып, айналаға бақылаушыларын қойып отырған. Өзара байланысу үшін радиостанцияларды қолданған.
Ерлан Тұрғымбаев: шамамен 300 адам шекарадан заңсыз өтуге әрекеттенген
Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, қаруланған адамдар аса қауіпті қылмыскерлер қамауда отырған Тараз және Талдықорғандағы тергеу изоляторларына бірнеше мәрте шабуыл жасаған. Оларға полиция қызметкерлері тойтарыс берді.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:
- Әскери бөлімдер мен блокбекеттерге шабуыл жасалды. Бүлікшілер қару-жарақ пен ұрыс техникасын қолды қылуды мақсат етті. Мемлекеттік шекарадан заңсыз өту әрекеті кезінде шамамен 300 адам ұсталды. Олар елден автокөліктермен және жаяу кетпек болған. Қару-жарақтары тәркіленіп, ұрланған материалдық құнды заттар алынды, оның ішінде ұялы телефондар, отандық және шетел валютасындағы ірі мөлшердегі қаражат болды.