Этникалық қазақтардың әлеуеті Қазақстанды дамыту үшін пайдаланылады. Елордада әлемнің 40-қа жуық мемлекетінен келген 200-ге тарта делегаттың басын қосқан «Отандастар» форумы өтті. Елден жырақта жүрген қазақ ұйымдарының басшылары, белсенділері және ғылым, білім, мәдениет, бизнес, медиа, саясат сынды басқа да салалардың көрнекті өкілдері мен белгілі қайраткерлері келді. Шара аясында «Ел дамуындағы қандастардың рөлі», «Отандастардың интеллектуалдық әлеуеті - ұлттық құндылықтарды ілгерілету драйвері», «XXI ғасырдағы қазақ тілі және бүгінгі мүмкіндіктері», «Медиа және заманауи трендтер» тақырыптары бойынша сессиялар ұйымдастырылды.
Абзал
Сапарбекұлы, «Отандастар қоры» КеАҚ президенті:
- Бұл сессиялардың
мақсаты тек қана шетелдегі қазақ қандастарымызды толғандырып жүрген күрделі
мәселелерді талқылау ғана емес, олардың шешім жолдарын және қазіргі қолда бар
жобалармен бөлісу, тәжірибе алмасу. Осы шара шеңберінде біз отандық осы салада
жұмыс істеп жүрген құрылымдар, тұлғалар мен шетелдегі қандастар арасында
байланыс, ынтымақтастық орнатамыз деген мақсатты ұстап отырмыз.
Түркияға түрлі
себептермен барған әр қазаққа көмектесу біздің қасиетті парызымыз дейді Анар
Байжанова. Түркиядағы қазақ диаспорасының өкілі әрі «Түркістан» халықаралық
тұғырнамасының президенті тарихи отанынан жырақта жүрсе де жүрегіміз қазақ деп
соғатынын айтады. Оның үстіне, тарихи отанының беделін арттыру үшін де барын
салатынын жеткізді. Әсіресе, Түркиядағы алапат жер сілкінісінен кейін, бауырлас
халыққа көмектесу үшін сол жердегі қазақтардың күш біріктіріп, ерікті ретінде
қызмет еткені халқымыздың ауызбіршілігін көрсетті.
Анар Байжанова,
«Түркістан» халықаралық тұғырнамасының президенті:
- Бүгін осы жерде
бүкіл әлемдегі қазақтардың басын біріктіруге бағытталған көптеген ойлар
айтылды. Сонымен қатар, салт-дәстүріміз бен тілімізді сақтау үшін ұсыныстар
естідік. Арақашықтық біз үшін еш кедергі емес. Отанымызға деген махаббат әркез
жүрегімізде. Сондықтан, біз Қазақстанның дамуы үшін еңбек етуге де, қиындық
болса, көмектесуге де дайынбыз.
Жиын барысында, мемлекет
басшысының кеңесшісі Мәлік Отарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемдемесін
жеткізді. Қазақстан Президенті Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын біріктіру
– қасиетті парызымыз екенін айтып, отандастарымыздың тарихи отанына оралып,
жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасалатынын мәлімдеді.