Мұндай мүмкіндік ерлі-зайыптыларға, жақын туыстарға беріледі. Бұл туралы Мәжіліс отырысында еліміздің Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді. Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын біріктіре алатын жаңа заң жобасын Парламенттің төменгі палатасының депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады.
Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:
- Егер ерлі-зайыптылардың бірінде зейнетақы жиағы жетпей, ал екіншісінде артық болса, олар зейнетақы жинақтарын қосып, зейнетақы аннуитетін сатып ала алады.
Биылғы жылдан бастап Қазақстанда зейнетақы аннуитеті айтарлықтай арзандағанын айта кеткен жөн. Енді оны алу үшін ер адамдарға 6,7 млн теңге, ал әйелдерге 9 млн теңге жинау керек. Аннуитеттік төлемдерді сақтандыру компаниясы өмір бойы ай сайынғы негізде және жыл сайын индекстеумен, яғни жыл сайын кем дегенде 5% өсумен жүзеге асырады.