Өзбекстан Қазақстанның құрылыс саласындағы тәжірибесін алуды жоспарлап отыр. Екі ел арасында тиісті меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, Қазақ ғылыми-зерттеу және жобалау институтының мамандары өзбек әріптестерімен сейсмикаға төзімді құрылыс және вибродинамикалық сынақтар саласындағы өз білімдерімен бөлісетін болады. 3 жыл бұрын біздің ғалымдар Ташкентте 9 қабатты үйдің жағдайына байланысты сынақ өткізіп, кейіннен Өзбекстандағы «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасы бойынша жоба ретінде енгізілді.
Арман Хасен, «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ құрылысты нормалау орталығының директоры:
- Аталған мәселелер бойынша Орталық Азияда ғана емес, жалпы кеңес одағы елдерінің арасында да көшбасшылардың біріміз. Сондықтан олар бізге жүгініп отыр. Арнайы делегация келіп, біздің сметалық нормативтер жүйесінің тәжірибесін зерттеді. Оларға жұмысты ұйымдастыру өте ұнап, кейін қазақстандық мамандарды тарту туралы шешім қабылдады.
Сондай-ақ көрші мемлекет Қазақстанның баға белгілеу, ақпараттық модельдеу және құрылыс саласындағы халықаралық нормаларды енгізу тәжірибесін өздеріне алуға ниетті.
Арман Хасен, «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ құрылысты нормалау орталығының директоры:
- Сонымен қатар олар BIM технологиясының бағытына қызығушылық танытты, оған ақпараттық модельдеу және заманауи дизайн технологиялары жатады. Жыл соңына дейін және алдағы жылы осы жұмыстарды жүргізу жоспарлануда. Республиканың нақ осы саладағы беделі біздің көрші елге ғылыми-техникалық көмек көрсету аясын кеңейтуіміздің есебінен арта түседі.
2019 жылы Түрікменстан мемлекеті де қазақстандық мамандарға осындай өтініш білдіргенін айта кеткен жөн. Алайда пандемияға байланысты бұл мәселе әзірге тұралап тұр.
Айта кетейік, Қазақ құрылыс және сәулет институтына ТМД елдерінің сейсмикаға төзімді құрылыс саласындағы базалық ұйым мәртебесі берілді. Бұл ұйымды ТМД елдері арасындағы ғылыми-зерттеу институттарының тәжірибе алмасуының бірыңғай ортасына айналдырады.
Авторы: Ақзер Сегізбай