Хамит Ерғали – халық жазушысы, ақын.
Ақын ұлы адамдарды қадір тұтты, шығармаларының біразын тарихи тұлғаларға арнады. Дәулескер күйші туралы Құрманғазы поэмасын, жазушы ақын Тарас Шевченкоға арнаған «Аңыз ата» поэмасын жазды.
Оның «Күй дастан» поэмасы да ұлы тұлға, Қазақ КСР халық әртісі, композитор, академик, профессор Ахмет Жұбановқа арналған. Ахмет Жұбанов – еліміздегі академиялық музыканың қайнар бастауында тұрған кемеңгер тұлға.
Ахмет пен Хамит – ХХ ғасырдың қаһармандары. Қилы заманның қиындығын көрген дәуір перзенттері.
«Күй дастан» поэмасы да – сол дәуірдің шежіресі. Шын мәнінде бұл шығарманы ұлы композитордың ғұмырнамасы десек те болады.
Ескі суреттерден адамдардың бір-біріне деген шынайы ықыласы мен ізет-құрметі, жан жылулығы сезіледі, бұл сезімдер сандық технологиялар заманында сағымдай жоғалып кетті емес пе?..
«Күй дастан» поэмасында да, Хамит Ерғалидің зор талантынан басқа, сол нәзік сезімталдық бар ма деймін. Поэманың әр жолынан ақынның айналасындағы адамдарға деген сүйініші, оларға тамсана қарағаны сезіледі.
Хамит Ерғали – өз дәуірінің перзенті. Ол керемет әдеби дарын иесі, өз заманының нағыз қаһарманы болатын.