Дулат Исабеков – қазақ және кеңес жазушысы, драматург. 1942 жылдың 20 желтоқсанында Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Қазіргі әл-Фараби атындағы Ұлттық университет, бұрынғы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті фиолология факультетінің түлегі. Әр жылдары Қазақ радиосында әдеби-драмалық хабарлар бөлімінің аға редакторы, Қазақ кеңестік энциклопедиясының ғылыми редакторы, бірнеше алдыңғы қатарлы әдеби журналдар редакциясының меңгерушісі болып жұмыс істеді. Қазақ телевидениесінің директоры қызметін атқарды, Қазақ мәдениет және өнертану ғылыми-зерттеу институтын басқарды.
Дулат Исабеков «Құрмет» және мен «ІІ дәрежелі Достық» ордендерінің иегері, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығы мен платиналы «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты.
2016 жылы Мәскеудің «Художественная литература» («Көркем әдебиет») баспасы Дулат Исабековтың төрт томдық таңдамалы туындыларын жарыққа шығарды. Бұл кітаптардың тұсаукесері Максим Горький атындағы әдебиет институтында өтті.
Классик жазушының шығармалары Мәскеуде бұған дейін де басылған. Алайда «Художественная литература» («Көркем әдебиет») баспасының жөні бөлек. Автор сұхбат берген кезде, «шығармаларының мұндай баспадан жарыққа шығуы – өзі үшін үлкен абырой» екенін айтқан болатын.