Бизнесті дамыту арқылы дәстүрлі қолөнерді қолдау және қайта жаңғырту. Елордада «Тамыр: Қазақстандағы мұра мен кәсіпкерлік туралы 33 әңгіме» атты кітап жарық көрді. Назарбаев университетінің профессорлары жазған ұжымдық еңбекте қазақ мәдениетін насихаттап қана қоймай, ата кәсіпті қайта түлетіп жүрген шеберлердің оқиғалары жинақталған. Яғни, көзешілік, кілем тоқу, зергерлік және сурет салу сынды өнерлер арқылы табысқа жетудің кілті баяндалады. Бүгінде шеберлердің қолынан туған ұлттық нақыштағы өнімдер сұранысқа ие және сән әлемінде жаңа трендтер қалыптастыруда.
Шумайла Юсафзай, кітап авторларының бірі, NU жоғары бизнес мектебінің профессоры:
– 2024 жыл Қазақстан тәуелсіздігінің 33 жылдығын атап өтеді. Қазақстан жас мемлекет болғанымен, әлемдегі өз ұстанымын нығайтып қана қоймай, өзінің бірегейлігін қайта жандандыра алған ел. Сондықтан 33 саны ұлттық жаңғыру мен өткенмен сабақтастықты білдіреді. Біз әсіресе соңғы 5 жылда ұлттық өнерге ден қойған кәсіпкерлердің толағай табыстарға жеткеніне, дәстүрлі өнердің өркендеуіне куә болып отырмыз.
Шара барысында тағы екі кітаптың тұсауы кесілді. Оқырманға жол тартқан еңбектердің бірі Өзбекстанның бай қолөнері жайында сыр шертеді. Ал келесі жұмыс көшпенділер мәдениеті, тұрмыстық салты жөнінде баяндайды. Жалпы бұндай ерекше мәнердегі қолданбалы қолөнер туындыларымен қанат жайған көрмеде танысуға болады. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған шеберлер киіз бен тоқыма және әшекей бұйымдарын, кәдесыйлар мен бейнелеу өнерінің ерекше жұмыстарын ұсынды.
Алуа Нұрбаева, NU кәсіпкерлікті зерттеу орталығының ғылыми қызметкері:
– Өнер - Қазақстанды креативті тұрғыдан көрсетуге мүмкіндік беретін тетіктің бірі. Назарбаев Университеті шетелден келген қонақтар мен оқытушылар, студенттер көп жүретін оқу орны. Олар үшін бұл қазақ халқының ұлттық құндылықтарының бірегей көрінісі. Олар біздің бай мәдениеті мен төл тарихы және қайталанбас өз қолөнері бар ел екенімізді түсінулері керек. Оны жеткізу үшін бізде көне жәдігерлер мен ерекше қолөнер түрлері жеткілікті. Жалпы кез-келген ұлтты түсіну өнер арқылы жүретіні белгілі.
Жеңіс Ермұқанов.