Қазір бұл көрсеткіш қалаларда 98%, ауыларда 94% құрайды. Бүгінде елімізде 600 мыңнан астам адам тіршілік нәріне жарымай отыр. Мұндай тапшылықты сезініп жүргендердің дені шалғайдағы шағын елді мекен тұрғындары. Бұған мұқтаж ауылдардың қажеттілігін қанағаттандыру үшін биыл 267 жобаны іске асыруға 113 млрд теңге жұмсалады. Нәтижесінде, жыл соңына дейін елдегі ауылдарды сумен қамтамасыз ету деңгейі 96% аспақ. Кейбір қалалардың жекелеген аудандарыда ауызсумен толық қамтылмаған. Сондықтан шаһарлардағы нысандар мен тұрғын үйлерге де таза су жеткізіп, желілерді жаңғырту үшін жалпы құны 167 млрд теңгенің 135 жобасы осы жылдың соңына дейін жүзеге асырылады. Бұл деректерді Үкімет отырысында елдің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев келтірді.
Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- 89 қалалық елді мекеннің 64-ті 100% орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Қалған 25 қала 2025 жылдың соңына дейін кезеңдік жоспар шеңберінде қамтамасыз етіледі. Бүгінгі таңда 6 295 ауылдың 4 900-і ауыз сумен қамтамасыз етілген. 1 395 ауылдың ауыз су мәселесін 2025 жылдың соңына дейін шешу жоспарланып отыр.