Бұған мүмкіндік беретін 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заңды Сенат қабылдады. Құжатқа сәйкес, қосымша бөлінген қаржының дені экономиканың нақты секторын қолдауға бағытталмақ. Қосымша кірістірілген қаражат есебінен өңірлер жаңа қолдау тауып, ауыл шаруашылығы, көлік инфрақұрылымы және өңдеуші өнеркәсіпті одан әрі дамыту көзделген. Елдің тозығы жеткен жылу және электр желілерін жаңғыртуға басымдық беріледі. Күш құрылымдары мен қорғаныс саласын жетілдіруге ден қойылады. Әсіресе, әлеуметтік бағытты қолдау күшейе түспек.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:
- Әлеуметтік саланың шығыстары 298 млрд теңгеге өсті және 8,5 трлн теңге сомасында жоспарланды немесе бюджеттің жалпы шығыстарының 37,5%-ін құрап отыр. Қаражат «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға, мектепке дейінгі білім беру мекемелері педагогтерінің жалақысын көтеруге және колледж студенттердің стипендияларын ұлғайтуға, әлеуметтік төлемдердің, жәрдемақылардың мөлшерлерін арттыруға, денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуға бағытталады.